Құрметті шығысқазақстандықтар!
2009 жыл тарих қойнауына өтіп барады. Бұл кезең ауқымы мен сарыны әртүрлі оқиғаларға толы болды. Біз ортақ үйіміздегі бейбітшілікті, тұрақтылық пен өзара түсіністікті сақтап қалдық, тіпті одан әрі нығайта түстік.
Біз Елбасының тапсырмасын орындадық, көздеген жоспарларды іске асырдық және жауаптылығы мен қиындығына қарамастан экономикалық көрсеткіштердің деңгейін сақтап қалдық.
Әрқайсыларыңыз ортақ істің сәтті іске асуына өз үлестеріңізді қостыңыздар. Аймақтың индустриалды-инновациялық дамуы бастау алды. Президенттік бағдарламаның арқасында жолдар, әлеуметтік инфрақұрылым нысандары жөнделді, коммуникация саласы даму үстінде, коммуналдық шаруашылықта да оңды өзгерістер аз емес. Біздің қалалар мен ауылдар көркейіп, таза әрі жайлы бола бастады.
Біз бұл қарқынды бәсеңдетпей, өтіп бара жатқан жылдағы жетістіктерді сақтауға және жалғастыруға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.
Өткен жылды межелеп, алдағы уақытқа жоспар құратын, барша халыққа жадыраңқы көңіл күй сыйлайтын Жаңа жылдай ғажап мерекенің қарсаңында сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз!
Жаңа жыл құтты болып, баршаңызға бақ-береке әкелсін!